Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде Қазақстан Республикасындағы Тілдер мерекесі мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мектептің акт залында өткен іс-шараны мектеп директоры Қияқбай Нұрила Бақтиярқызы ашып беріп, қатысушыларды айтулы күнмен құттықтады. Әдеби кешке қонақ болып қатысқан мектептің ардагер ұстазы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, халықаралық дәрежедегі әдіскер Момынқұлова Алтын Момысқызы мерекеге орай жүрекжарды тілегін білдіре келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиада мен түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, жүлделі орындар иеленген оқушыларға өз атынан тағайындаған стипендиясын табыстап, білім де талапты жас өркенге жетістік пен жеңістерінің еселей беруіне тілектестігін білдірді. Іс-шара барысында білім алушыларға адам өмірі мен қоғам үшін тілдің маңызы мен құндылығы дәріптеліп, қазақ халқының 20-ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбек жолы, оның күрескерлігі мен ұлт үшін сіңірген еңбегі насихат етілді. Оқушылар Қазақстанды мекен етуші түрлі ұлт өкілдерінің тілдерінде өлеңдер оқып, ән салып, би билеп, халықтар достығын дәріптей отырып, кеш көрігін қыздырды.








